Өмір деген...
Өмір деген - бұл әлемнің кеңдігі,
Өмір деген - ақ пен қара теңдігі.
Өмір деген - артта қалған өткенің,
Алға қойған мақсаттарың ендігі.
Өмір деген - тағдырыңның айдыны,
Өмір деген - кейде мұңды, қайғылы.
Өмір деген - бір шайлығы байлардың,
Кедейлердің отыз күнгі айлығы.
Өмір деген - менмендікпен тасыну,
Өмір деген - құпияңды жасыру.
Өмір деген - сағат санап сəт санап,
Қиялдағы арманыңа асығу..
Өмір деген - жақсы көру жек көру,
Өмір деген - дұшпандарға кектену.
Өмір деген - қуаныштан көкке ұшу,
Ара - тұра өкініштен өртену..
Өмір деген - ғашық болу желіге,
Өмір деген - сүйіп қалу беріле.
Өмір деген - тағдыр өзі әкеліп,
Аяғында қосатыны теңіңе..
Өмір деген - тіршіліктің қазығы,
Өмір деген - арыстанның азуы.
Өмір деген - сүрген сайын көретін,
Маңдайыңда тұрған тағдыр жазуы.
Өмір деген - о дүниеден шеткері,
Өмір деген - бұ дүние мектебі.
Өмір деген - өз қолыңда, кей-кезде,
Біреулердің қолдарында кеткені.
Өмір деген - дүниенің сұрағы,
Өмір деген - бір-ақ сәтте тынады.
Өмір деген - сен біреуді сынауың,
Алланың да саған берген сынағы.
Өмір деген - арайлап таң атқаны,
Өмір деген - кешке күннің батқаны.
Өмір деген - сол өмірдің өзінің,
Білінбестен өтіп бара жатқаны...